Жүрегімен әрқашан қызылордалықтар

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Жуырда Қызылорда жері құрметті қонақтар делегациясын қарсы алды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық хатшылығы қолдауымен «Қызылорда облысының кәрістері ассоциациясының жастар қозғалысы» қоғамдық қоры жүзеге асырған «Қазақстанға ыстық ықыласпен» атты жоба аясында 8 отандасымыз арнайы шақырылды.

Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова айтқандай, Қазақстан Ассамблеясының бастамасымен этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін насихаттау мақсатында жыл сайын шетелдерде тұрып жатқан отандастарымызбен кездесулер өткізіліп тұрады. 

Олар барлығы Сырда туып-өскен, еңбек еткен, кейін тарихи отандарына қоныс аударған жерлестеріміз.

Олармен кездесу өткізу - жоғары адамгершіліктің белгісі, бұрынғы азаматтарымызға біздің республикамызды, оның ішінде облысымызды дамытуға қосқан үлестерін үшін құрмет көрсету. Ләйлә Төрешова кездесу Қазақстан халқының ұлттық тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін байытуға және оған жаңаша қарауға, шетелдерде тұрып жатқан бұрынғы отандастарымызбен байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.

Биылғы қонақтар қатарында Владимир Каширин, Виталий Андреев, Султан Адаев, Салам Асхапов, Наталья Кан,  Райхан Лаубаева, Александр Цой, Лидия Пшенниковалар болды.

Қонақтарға  кең ауқымды бағдарлама ұсынылды.  Алғашқы күні қалалық мәдениет және демалыс  паркінде «Қызылорда – менің махаббатым» атты концерт ұйымдастырылды. Қалаға саяхат жасалып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, Назарбаев зияткерлік мектебінде, Мұз айдыны, қалалық жағажайда болып, ескерткіштермен танысты.

Оған қоса, қонақтар облыстық ассамблеяның белсенді мүшелері басқарып отырған «Промстрой-Е» /басшысы Х. Домбаев/,  «Квант» ЖШС /басшысы А. Шайымкулов/, т.б.кәсіпорындарда болды.

Сырттан келген қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлы Қожаниязов қабылдады. Кездесуде Украинадан келген Л.Пшенникова, Калининград қаласынан В. Андреев, Грозный қаласының тұрғыны С. Адаевтар сөз алды. Олардың барлығы қызылордалықтардың кең жүректілігі туралы айтып, туған жерлерінен жырақта жүрсе де өз отандарын ұмытпайтындықтарын, өздерін әрдайым қызылордалықпын деп есептейтіндіктерін жеткізді.

Делегация мүшелері «Менің Қазақстаным» атты телебағдарламаға қатысты. Сонымен бірге, журналистерге арналып баспасөз конференциясы ұйымдастырылды.

Қонақтарға өңірдің тарихы, дамуы мен әлеуетті дамуы жайында бейнебаян көрсетіліп, отандастарымызға ерекше әсер қалдырды.

Жерлестеріміз облыстық этномәдени орталықтардың жетекшілері мен белсенді мүшелерімен кездесті, ұлттық би мен әндерден концерт ұйымдастырылды.

Аталған шарада Ресей жерінен келген В. Андреев құрмет көрсеткен барша қазақ жұртына алғысын жеткізді. Сағынышқа толы қимастық сезім бойларын билеп, жерлестеріміз еріксіз көздеріне жас алды.

Отандастарымыздың Сыр жеріндегі кездесуі Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының  салтанатты қабылдауымен аяқталды.