«Ұлы Дала Елі» экспедициясы – Сыр елінде

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығы ұштастырыла отырып, еліміздің тарихын кеңінен насихаттау, оны құрметтеу, әлі де білмеген қырларын халыққа, әсіресе, жастар тарапына ұғындыру негізінде қазақстандықтардың ұлттық бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы Сыр өңірінде жалғасты.

Республика аймақтары біріне-бірі аманат етіп келе жатқан экспедиция эстафетасы 26 қыркүйек күні Арал қаласында Ақтөбе облысы делегациясынан Сыр өңіріне тапсырылды.

Бұл күні Арал қаласында ақ сауытты Айдарбек батырға ұрпақтары ескерткіш белгі қойып, оның есімін ұлықтау шаралары өткізілді. Осы шара барысында «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» экспедициясының Ақтөбе облысы делегациясының жетекшісі, Қазақстан халқы Ақтөбе облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Ж.Нұршин Сыр елінің экспедициясының жетекшісі, Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Л.Төрешоваға эстафетаның кітап-күнделігін табыстады. Кітап-күнделік енді Сырдың беделді, танымал азаматтарының қолымен толықтырылады.

Тарихы тіріліп, мұрасы жанданған Арал қаласындағы іс-шарадан соң делегация өкілдері, Арыстан баб кесенесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Арнайы Жаңаөзен қаласынан әкелінген ақтастардан қашалып, тұрғызылып жатқан кесене құрылысы жуық арада аяқталып, тарихымызды ұлықтар қасиетті орынның бірі болмақ.

Сыр елінің экспедициясы әр төбесінің өзінен ұлы тарих менмұндалайтын қазыналы Қазалы қаласындағы Жанқожа батыр кешенінде баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Әйтеке би кентінде жұртшылықпен кездесіп, Қазақ хандығынан бергі әлеуметтік, саяси тақырыптарда дәрістер оқылып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«Әркімнің туған жері - Мысыр шаһары» дегендей, тарихын тануға құмартқан жастар тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраевтың, саяси ғылымдар кандидаты Сәулет Сахиевтің, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітованың тағылымға толы әңгімелеріне қанықты. Кеш соңында экспедиция мүшелері жергілікті аудандық кітапханаға кітаптар тарту етіп, жас өрендердің мол мағлұмат алуына сәл де болса септігін тигізетіндігін жеткізді.

27 қыркүйекте «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ»  экспедициясы тобы өз жұмысын ІХ-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қаласында жалғастырды.

Қанша ғасырды артта қалдырып, қабырғалары қайысқанымен, бұл жердің ерекшелігі, аяқ басқан сәттен бастап сол орта ғасырдың тұрмыс-тіршілігі мен болмысын бастан кешкендей күйге бөленесің.

Ежелгі шаһардан үлкен әсер алған экспедиция мүшелері тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне ортақ ойшыл Қорқыт бабаның кешеніне аттанды.

Мәңгілікті аңсаған абыз бабаның қобыз үнінің мәңгілікке ұласқанын Сыр аймағындағы осы бір бой көтерген кесененің өзі айғақтап тұрғандай. Қармақшы ауданының тарих, өлкетану қызметкерлері тарихқа толы Қорқыт Атаның сан ғасырлық тарихымен және жаңа жөндеуден өткен мемориалдық кешенімен таныстырып өтті.

Бұдан соң экспедиция мүшелері Қармақшы ауданының Жосалы кентіне бет бұрды. Бұл жерде олар Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында елімізді әлемге танытып, тарихымызды насихаттап, ел-жерді аралап жүрген мотошерушілер тобымен кездесті. Топ жетекшісі Д.Петрухин өз сөзінде қай елге бармасын, қандай белесті бағындырмасын, барлығын Отаны – Қазақстанның атын шығаруға арнайтынын жеткізді. Кездесу соңында экспедиция тобының жетекшісі У.Ибраев «ТЕҢДЕССІЗ СЫЙ» акциясы аясында аудан кітапханасына кітаптар табыс етті.

Бұл күні экспедиция жұмысы Жалағаш ауданының Бұхарбай батыр ауылында жалғасты. Бұхарбай батыр музейімен, тарихи жәдігерлерімен танысты. Музейге экспедиция тарапынан кітап тарту етіліп, Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінде тұратын ардагерлерге  тонометр сыйға тартылды.

Экспедиция жұмысы қазіргі уақытта Сырдария ауданында жалғасуда.

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.