You are here

Сыр елінде еңбек пен өнім мерекесі тойланды

22.05.2017, 11:37   333

Версия для печатиPDF versionEPUB version

«ВАТАН» татар этномәдени бірлестігінің ұлттық мерекесі Сабантой биыл 21 мамыр күні қалалық мәдениет және демалыс саябағында аталып өтті. Атаулы мереке шаһарымызда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіретін дәстүрлі мейрамға айналды. 11 жыл қатарынан тойланып келе жатқан мерекеде татар этносының көп жылдық дәстүрлері таныстырылып, ұлт достығы әспеттелді.

Негізінде, Сабантой – отбасылық, барша этностардың басын қосып, қуаныш сыйлайтын, ең бастысы халық арасында достық пен өзара түсіністікті қалыптастыратын мереке.

Салтанатты шараны облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова ашып, барша жиналған қауымды құттықтап өтті. «Бүгін ынтымағы жарасқан Сыр елінде 11-ші рет «Сабантой» мерекесін тойлаудамыз. Халқымыздың бейбітшілік пен достыққа, салт-дәстүрін ұлықтауға шақыратын бұл мейрамның, барлық этностардың мерекелері сияқты, біз үшін алатын орны ерекше. Сондықтан баршаларыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! », - деді.

Өз кезегінде, Татар этномәдени бірлестігінің төрайымы Галия Гизатуллина игі шаралардың бас қасында жүріп, әрдайым қолдау білдіріп жүргені үшін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Бегалықызына зор ілтипаттылығын жеткізіп, Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілі Р.Ф.Валиулловтың Алғыс хатын облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Л.Төрешова, "Қоғамдық келісім" КММ директоры У.Ибраев, "Қоғамдық келісім" КММ директорының орынбасарлары А.Жұмабаев, Р.Ахметоваға табыстады. Марапаттау рәсімінен соң, "Қоғамдық келісім" КММ директоры "Құмыра сындыру" рәсімін орындады.

Татарстан Республикасынан келген арнайы қонақтар Кирам Сатиев назды даусымен жиналғандарға әсем ән арнады. Ал, Искандир Биктагиров сырнайын сызылтып, Сыр халқына өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, татар шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі тамашаланды. Мерекенің көркін кіргізетін татар этносының ұлттық ойындары - татар күресі, арқан тарту, гір көтеру, қол күрес және тағы да басқа көптеген спорттық ойындар ойналды. Сабантойға келген қала тұрғындары көркемөнерпаздар концертін тамашалап, қызықты мерекелік ойындарға қатысты. Татар әндері орындалып, жан жадыратар татар билері биленіп жатты. Айта кету керек, ойындарда жеңімпаз атанғандарға арнайы сыйлықтар беріліп және балалардың барлығына саябақтағы паровозға мініп, батутта ойнау тегін болды.

Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15