You are here

Фаат Китаевты еске алуға арналған турнир

26.09.2017, 10:51   134

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, татар этномәдени бірлестігі, дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып, акватлон ойынынан Фаат Китаевты еске алуға арналған турнир өткізді.

Айта кету керек, акватлон – ол судағы және жердегі спорттық күрес. Акватлон үйлесімділікті, ептілікті дамытып, өз дене бітіміне толықтай иелік ететін көріністік спорт ойыны болып табылады. Спорттың бұл түрінен алғаш рет өткізіліп отырған турнирге қызығушылық білдірген әртүрлі жастағы 200-ге жуық спорт жанкүйерлері қатысып, бақ сынасты. 

Спортты серік еткен, көп жылдар бойы Ғани Мұратбаев атындағы стадионның директоры болған білікті басшыны қызылордалықтар жақсы таниды. Ф. Китаев Татарстандағы Тельман қаласында дүниеге келген. Өткен ғасырдың 30-жылдары аралығында отбасымен бірге Қызылордаға қоныс аударған. Еңбек жолын 16 жасында мемлекеттік кемелер мекемесінде бастады. Кеңес армиясы сапында борышын өтегеннен соң Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педогогикалық институтының дене тәрбиесі кафедрасында 10 жылдай оқытушы болды. Мотоспорт және жеңіл атлетикамен жүйелі түрде шұғылданды. Сыр өңіріндегі велоспорттың негізін қалаушылардың бірі Ф. Китаев дене тәрбиесі кафедрасында қызмет атқарып жүріп, жас өрендерді велоспортқа баулыған.

Турнирдің ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, Фаат Хамитұлының жұбайы Роза Китаева мен татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллина сөз алып, оның  жасаған игі еңбектерін, оның біліктілігі мен жұмысқа деген ыждаһаттылығын айтып өтті.

Бұл кісінің жетістіктері жетерлік. Соның ішінде, ерекше айтып өтетіні, ол ҚР халықтарының бірінші спартакиадасына Елбасы Н. Назарбаевтан шақырту алған өңірдегі бірден-бір ардагер. Астанада өткен салтанатты іс-шарада Фаат Хамитұлына Елбасымыз алтын сағат тарту етті. Құрметті қонақ ретінде бірқатар ірі жарыстардың куәсі болды, соның ішінде 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиадаға да барды. Оның есімі 2001 жылы Тәуелсіз Қазақстанның 10 жылдығы қарсаңында шыққан «Қарттарым - асыл қазынам» кітабына және 2005 жылы «Сыр елі» энциклопедиясына енді.

«Фаат Хамитұлы темірдей тәртіпті сүйетін. Жұмысқа ерекше жауапкершілікпен қарайтын. Мәселен, ол Қазақстанда бірінші болып жасыл алаңды қыста қалай сақтаудың жолын ойлап тапты. Бұл мәселе сол жылдары Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі болатын. Стадионның қосалқы алаңы мен жеңіл атлетикаға арналған сапалы жолақтың салынуына да тікелей атсалысты», - деп еске алды турнирді ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар.  

Бір күнге созылған турнирдің нәтижесі бойынша жеңімпаздар 16 жинақтағы марапат, соның ішінде  диплом, алқа белгісін иеленді.

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 51 21

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15